Алимент – бұрынғы жұбайына беретін ақша емес. Алимент – өз балаңның тамағы, киімі, білімі, күнделікті қажетіне жұмсалатын қаражат. Сондықтан «тұрақты жұмысым жоқ», «табысым болмады», «кейін төлеймін» деген сөздер баланың қажеттілігін кейінге шегере алмайды.Байқоңыр қаласында болған жағдай осыны тағы бір көрсетті. Азамат А. кәмелетке толмаған балаларын асырау үшін алимент төлеуге міндеттелген. Бірақ сот бұйрығының талаптарын біле тұра орындамаған. Нәтижесінде берешегі 5 миллион 29 мың 720 теңгеге жеткен.Бес миллион теңге! Бұл жай ғана қағаздағы қарыз емес. Оның артында күн сайын әкесінен қаржылай қолдауды күткен балалардың қажеттілігі тұр.Сотта азамат тұрақты жұмысы болмағандықтан міндеттемесін орындай алмағанын айтып, «алдағы уақытта төлеп құтылатынын» жеткізген. Бірақ баланың балабақшасы, мектебі, киімі, тамағы, дәрі-дәрмегі «алдағы уақытта» деп күтіп тұрмайды. Баланың бүгінгі қажеті – бүгін шешілуі керек.Әрине, адамның жұмыссыз қалуы мүмкін. Табысынан айырылуы да мүмкін. Бірақ ата-аналық міндет жоғалмайды. Жұмыс жоқ болса, жұмыс іздеу керек. Тұрақты табыс болмаса, заң аясында міндеттемені орындаудың жолын қарастыру қажет. Ал әдейі жалтару – мүлдем басқа мәселе.Бұл жерде ең ащысы – кейбір ата-ананың алиментті бұрынғы әйеліне берілетін «ақша» деп қабылдауы. Жоқ. Сен бұрынғы жарыңның емес, өз балаңның алдындағы міндетіңді орындап отырсың.Сот бұл іс бойынша азаматты кінәлі деп танып, 3 тәулікке әкімшілік қамаққа алды. Бірақ үш тәулік қамау 5 миллион теңгелік берешекті жоймайды. Негізгі мәселе – қарыздың өтелуі және баланың заңды құқығының қамтамасыз етілуі.Алимент төлемеу – тек бұрынғы жұбаймен арадағы келіспеушілік емес. Бұл – баланың құқығы мен болашағына қатысты мәселе.Сондықтан алименттен жалтаруды «отбасылық мәселе» деп жаба салатын уақыт әлдеқашан өткен. Бала ата-анасының ажырасып кеткеніне кінәлі емес. Ендеше оның әкесінің немесе анасының жауапсыздығы үшін неге өзі зардап шегуі керек?Балаға әке-шешесінің махаббаты ғана емес, нақты жауапкершілігі де керек.
2026-09-02
