Еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесінде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Су ресурстары және ирригация министрлігі саланың негізгі кәсіпорындарын жаңғыртуға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға және басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған кешенді реформаларды қолға алды.

Осы өзгерістердің бірі – «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын трансформациялау. Реформа аясында «Нұра топтық су құбыры» РМК «Қазсушар» РМК құрамына біріктірілді. Сонымен қатар кәсіпорынның бейінді емес активтерін, соның ішінде топтық су құбырларын коммуналдық меншікке беру жөніндегі Жол картасы бекітіліп, қазіргі таңда кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Кәсіпорынның қызмет аясын кеңейтуге де басымдық берілді. «Қазсушар» РМК жарғылық қызмет түрлерін кеңейтіп, басқару және қаржылық процестерді қайта қарады. Ең бастысы – кәсіпорын қызметіндегі ашықтық пен есептілікті арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасалды.

Мәселен, жыл басынан бері суару суы үшін қолма-қол төлем жасау толық тоқтатылды. Ал 2026 жылдан бастап су тұтынушылармен жасалатын барлық шарт жаңа биллинг жүйесі арқылы электронды форматқа көшіріледі. Бұл өз кезегінде төлемдерді есепке алуды жеңілдетіп, қаржы айналымының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қабылданған шаралар нақты нәтижесін де көрсетті. Кәсіпорын шығындарын толық жойып, өткен жылды пайдамен аяқтады. Сонымен қатар дебиторлық берешек 90 пайызға қысқарды. Бұл – басқару жүйесін цифрландыру мен қаржылық тәртіпті күшейтудің тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш.

«Қазсушар» РМК трансформациясы тек қаржылық нәтижелермен шектелмейді. Реформа аясында бизнес-процестер қайта құрылып, автоматтандырылуда. Филиалдардың жұмысын жоспарлау және олардың тиімділігін бағалау жүйесі енгізілуде. Кіріс пен шығысты басқару орталықтандырылып, жобалық басқару қағидаттары қолға алынуда.

Саладағы техникалық мүмкіндіктерді арттыру да назардан тыс қалған жоқ. Кәсіпорынның техникалық паркін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Былтырдың қорытындысы бойынша техника паркінің 27 пайызы жаңартылған.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімовтің айтуынша, аталған өзгерістердің барлығы «Қазсушардың» жұмыс тиімділігін арттыруға және кәсіпорынды заманауи басқару талаптарына бейімдеуге бағытталған.

Жалпы, «Қазсушар» трансформациясы – су шаруашылығы саласын жаңғыртудың маңызды кезеңі. Цифрландыру, қаржылық ашықтық, шығындарды оңтайландыру және техникалық базаны жаңарту арқылы кәсіпорынның тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне негіз қалануда.

БӨЛІСУ