Шиелі ауданында алтынды заңсыз өндірген қылмыстық топ ұсталды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, топ Жаманкөл шатқалында күрделі өндірістік өңдеуді қажет етпейтін табиғи алтын өндірген.
Қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсысына нақты міндеттер жүктелген. Бірі алтын іздеушілерді тартып, өндіру жұмыстарын ұйымдастырса, екіншілері өндірілген алтынды тасымалдап, сатумен айналысқан. Ал тағы бір бөлігі қауіпсіздікті қамтамасыз еткен. Заңсыз қызметті жасыру мақсатында кен орнының айналасына бақылаушылар қойылып, мотоциклмен жүретін адамдар аумақты торуылдап отырған. Олар бөгде адамдардың немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің келуі туралы алдын ала хабар беріп отырған.
Тергеу барысында анықталғандай, өндірілген алтын Алматы қаласына жеткізіліп, сатылған. Одан түскен табыс қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінген. Тінту кезінде құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, екі арнайы техника, 12 металл іздегіш және алты автокөлік тәркіленді. Сонымен қатар екі пневматикалық тапанша мен бір тегіс ұңғылы мылтық табылған. Қазіргі уақытта 13 күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.

БӨЛІСУ