Жалағаш ауданы, Таң ауылындағы №118 орта мектепте “Ы. Алтынсарин” төсбелгісінің иегері, ұлағатты ұстаз Раушан Қожагелдиеваны еске алуға арналған тағылымды шара өтті.
Шарада білім саласында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеуде елеулі із қалдырған Раушан Жарылқапқызының өмірі мен еңбегі ұрпаққа кеңінен насихатталды.
Іс-шараға Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов , «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай және Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, ұлағатты ұстаздың отбасы, бауырлары, әріптестері, шәкірттері және ауыл тұрғындары қатысып, жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Тағылымды шара барысында орта мектеп базасынан ұстаздың құрметіне арнайы кабинет ашылып, оның өмір жолы мен еңбек жолынан сыр шертетін бұрыштар ұйымдастырылды. Сонымен қатар бастауыш сынып мұғалімдері мен оқушыларына арналған логикалық олимпиада өтті. Логикалық олимпиадаға қатысқан ауданымыздың оқушылары мен бастауыш сынып мұғалімдері тапқырлық пен білімдерін ортаға салып, жеңімпаздар облыстық білім басқармасы басшысының арнайы дипломдарымен және отбасының тағайындаған бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Бұл шара – жай ғана білім сайысы емес, ұстаз еңбегіне көрсетілген құрмет пен шәкірттерге артылған зор сенімнің жарқын көрінісі болды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы Есжанов саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған, ұстаздық мамандыққа адал болған Раушан Жарылқапқызы туралы естелігімен бөлісті.
Сонымен қатар рухани кеште сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, ұлағатты ұстаздың еңбегін ұрпаққа үлгі етумен қатар, шәкірттерін патриоттық рухта тәрбиелеген асыл жанның рухына көрсетілген шынайы құрмет екенін атап өтті.
“AMANAT” партиясы атынан олимпиадаға қатысушы ұстаздар алғыс хатпен марапатталып, аудан әкімдігі атынан арнайы ашылған оқу кабинеті үшін бағалы сыйлық табысталды.
Еске алу кеші мазмұнды да әсерлі өтіп, көпшілік көңіліне ерекше тебіреніс ұялатты.
