Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың халық алдындағы есепті кездесулері Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөл, Мәдениет, Мырзабай ахун ауылдық округтерінде жалғасты. Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Жиында аудан әкімі облыс көлемінде, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар жүзеге асуда. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ел дамуының жаңа кезеңі басталды. Жаңғыру мен жаңаруға бағытталған саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістер ел болашағына сенімді арттырып отыр. Еліміз өркендеп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Соның ішінде Үкіметтің ерекше қолдауымен, облыс әкімінің бастамасымен аймақта ауқымды жобалар жүзеге асуда. Қызылорда қаласының келбеті жаңарып, аудан мен ауылдарда инфрақұрылым, жол құрылысы, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Облыс әкімінің қолдауымен ауданымызда да жаңа әлеуметтік, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілуде. Сонымен қатар, кент пен елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, ауылдарды газдандыру бағытындағы ауқымды жұмыстар өздеріңіздің көз алдарыңызда жүзеге асып келеді», – деді А.Ибраимов.

Аққыр ауылында жалпы құны 489,9 млн теңгеге 5 ішкі көшеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 182,7 млн теңгеге Н.Таспенов және Аққыр көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2026 жылы қалған 3 көшеге (М.Ахметов, Ы.Ақмырзаев, Ш.Есов) күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.

«Үлгілі елді мекен» номинациясы аясында абаттандыру жобаларын жүзеге асыру үшін 15 млн теңге ұсынылып, жалпы құны 16,5 млн теңгеге спорттық жаттығу алаңы салынды. Сонымен бірге «Қазақстан халқына» қоры арқылы жалпы құны 175 млн теңге болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілді.

2026 жылы 333,7 млн теңгеге 100 орындық ауылдық клуб құрылысы және 560,5 млн теңгеге «Аққыр» каналына су шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге арналған жобалар әзірленіп, бюджеттік өтінімдер тиісті басқармаларға ұсынылды.

Жаңаталап ауылында жалпы құны 128 млн теңгеге П.Қарақұлұлы 1 және П.Қарақұлұлы 2 көшелеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Сонымен қатар құны 460 млн теңгеге 100 орындық ауылдық клуб құрылысына да ЖСҚ дайындалып, өтінім берілді.

Мақпалкөл ауылында ішкі көшелердің жарықтарын күтіп ұстау және көгалдандыру жұмыстарына қаржы бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сонымен қатар, 145 млн теңгеге ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу, 677,9 млн теңгеге Нұрылдаев, Сәдір би, Қожахметұлы, Достық, Т.Жүргенов, Шотықов, Тоғанас батыр және Құттыбасов көшелерін күрделі жөндеу бойынша ЖСҚ әзірленіп, тиісті басқармаларға бюджеттік өтінімдер жолданды.

Мәдениет ауылында 4 көшені жарықтандыру және елді мекеннің ішкі көшесін жөндеу үшін ЖСҚ дайындалып, қаржыландыруға ұсынылды.

Мырзабай ахун ауылында 2 ішкі көшеге күрделі жөндеу жүргізу және 100 орындық ауылдық клуб салу үшін жобалар әзірленіп, тиісті басқармаларға бюджеттік өтінімдер жолданды.

Кездесулер барысында аудан әкімі тұрғындармен еркін пікір алмасып, алда атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Ауыл тұрғындарды облыс көлемінде, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ