Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Білім ошақтарындағы жай – күйі қалай? Оқу-тәрбие процесін бастауға дайын ба?. Өңірдің қысқы жылыту маусымына дайындығы қалай? Бүгін партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың қатысуымен партияның облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңестің бірлескен отырысы өтіп, осы бағыттағы жұмыстар пысықталды.
Жалпы аймақта 676 мектепке дейінгі ұйым, 339 мектеп жұмыс жасауда. Айдың соңында Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық, Қызылорда қаласы, Арай мөлтек ауданындағы 1500 және Қызылжарма ауылдық округіндегі 600 орынды құрайтын 3 мектеп және қазан айында СПМК-70 шағын ауданындағы 1500 орындық «Келешек мектебі» пайдалануға берілмек.
Жаңа оқу жылында 1 – 11 сыныптағы оқушылар саны – 189 288 құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 4 364 балаға өскен. Биыл 1 – сыныпқа 17 423 бала қабылданады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда қала, аудандық білім бөлімдері тарапынан оқумен қамтылатын балалардың тізімі жасақталып, оқу-тәрбие процесін бастауға қажетті ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылуда.
Жиын барысында хабарлама жасаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ернат Алписбаев білім ордаларына жасалған жөндеу жұмыстары жөнінде де атап өтті. Оның айтуынша биыл 2,2 млрд.тг. қаржыға 6 мектепке күрделі жөндеу және 56 мектепке 1,6 млрд. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 53 мектептің жөндеу жұмыстары біткен. Қалған 3 мектептегі жұмыстар 25 тамызда аяқталмақ.
Ернат Алписбаев оқушылардың қауіпсіздігі бағытында жасалып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті.
«Қазіргі таңда барлық білім беру ұйымдары 100% қауіпсіздік жүйелерімен қамтылған. Қала, аудан орталықтарындағы білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелері жедел басқару орталығына қосылды. Биыл жергілікті бюджеттен мектеп, балабақша, қосымша білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйесін жаңартуға қосымша 1 млрд 385 млн тг қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар 1 қыркүйекке дейін аяқталады»,- деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ернат Алписбаев.
Жиында күн тәртібіне орай өңірдің жылыту мауысымына дайындығы да қаралды. Отынмен қамтамасыз ету, жылу жүйелерін жөндеу және күтіп ұстау, қазандықтарды қадағалау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды
облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының жылу инфрақұрылымын дамыту және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұржан Мамбетияров кеңінен баяндады.
Бөлім басшысының айтуынша биыл жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 13,5 млрд.теңге қаржы қаралған. Оның ішінде Қызылорда жылу электр орталығының Оңтүстік қазандықтың БОНО ЭНЕРДЖИ маркалы үш бу қазандығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға Үкімет резервінен 2,5 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 1,3 млрд.теңге бөлінген. Өткен жылы химиялық су тазарту цехы мен насос қондырғылары ауыстырылса, биыл 1 қазандық жеткізіліп, монтаж жұмыстары жүргізілуде. Тамыз айының соңына дейін 2 қазандық жеткізілмек. Бұл жұмыстарды жылу беру маусымына дейін аяқтаймыз деп отыр.
Қызылорда жылу электр орталығында жергілікті бюджет және кәсіпорын қаржысы есебінен 1 генераторды және 4 күштік трансформаторды жаңғырту, 10 бу қазандықтары мен 21 автономды қазандықтарға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, негізгі жылу орталығындағы №6 бу қазандығы, Оңтүстік қазандықтағы №2 КЕ қазандығы және №2,17,18 автономды қазандықтарда, №3,4 күштік трансформаторда және 35 кВ ашық тарату қондырғысына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары 77 пайызға орындалған.
«Жылу желілерін жаңғырту бойынша бюджеттен 6 жобаны іске асыруға қаржы қаралған. Бүгінгі күнге 4 жоба 50 пайызға орындалса, Қазантаев, Желтоқсан көшелеріндегі жобалар материалдары толық жеткізіліп, құбырларды монтаждау жұмыстары басталған. Бұл нысандар жылу беру маусымына дейін аяқталады»,- дейді Нұржан Мамбетияров.
Жиында сөз алған партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова әлеуметтік осал топтағы балаларды мектепке қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз ету, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілерге арналған жол жолақтарын дұрыстау, мектеп оқушылары мен мұғалімдері арасында құқықтық сауаттылық пен құқықтық тәртіпті күшейтуге бағытталған жұмыстарды қолға алу, сонымен қатар жылу желілері бойынша облыста жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары, соның ішінде Қызылорда қаласының жылу желілерінің тозуын азайту мақсатында іске асырылып жатқан 6 жобаның уақытылы және сапалы аяқталуын қамтамасыз ету бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын соңында күн тәртібінде көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, көтерілген ұсыныстар жауапты басқармаларға ұсынылды.
