Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен туристік аймақтарға келушілерге қолайлы жағдай жасау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша арнайы мәжіліс өтті.

Жиында қала аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің бойындағы сервистік кешендердің қызмет көрсету сапасын арттыру тапсырылды. Сондай-ақ, күре жолдағы қоғамдық орындардың күтімі, тазалық тәртібі күнделікті бақылауда болуы міндеттелді. Сонымен қатар, тарихи ескерткіштер аумағының тазалығы, жазғы уақытта қоғамдық тамақтану мен суға шомылу орындарындағы санитарлық талап, қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды.

–Жол бойында, демалыс орындарында санитарлық талап пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – туристік имиджді нығайтудың көзі. Сондықтан келушілерге жайлы жағдай жасау үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылу қажет, – деген Нұржан Сәбитұлы жауапты сала басшыларына ауқымды міндеттер жүктеді.

Жалпы, туризм – тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар төл мәдениетімізді, терең тарихымызды, табиғи байлығымызды әлемге танытудың тиімді тетігі. Бұған өңірдегі қоғамдық саяси жағдайдың тұрақтылығы, жан-жақты даму деңгейі, сервистік қызмет көрсету орындарының сапалы қызметі де ықпал етеді.

БӨЛІСУ