ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен келіп, С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектебіне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Мәжіліс депутатын аудан әкімі Берік Сәрменбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов күтіп алып, ең алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы туралы ақпарат берді.

Топ құрамында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаттары А.Есназар мен М.Бакуов болды.

Мәжіліс депутаты С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектебін күрделі жөндеу сапалы әрі уақытылы жүргізілуі керек екенін айтып, мердігер мекеме өкілдерімен пікірлесті. «Н-Строй сервис» серіктестігінің өкілдері күрделі жөндеу жұмыстары сәуір айының ортасында басталғанын айтып, қазан айында толық аяқтау жоспарланғанын жеткізді. Қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызы аяқталған, ішкі әрлеу және сырлау жұмыстары жүргізілуде.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектебін жөндеу жұмысы халықтың талап-тілегінен туындаған жұмыс екенін айтып, сапасына мән беру керектігін ескертті. Жалпы күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен бөлінген 309,1 млн теңге бөлінген.

БӨЛІСУ