Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен туристік аймақтарға келушілерге қолайлы жағдай жасау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Оған қала, аудан әкімдері және сала басшылары қатысты.
«Туристік аймақтарда, демалыс орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету – келушілердің өмірі мен денсаулығын қорғап, өңірдің туристік оң имиджін қалыптастырудың маңызды бөлігі. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін құтқару топтары мен алғашқы көмек көрсету пунктері сақадай сай болуы керек. Демалыс орындарын туристер мен демалушыларға арналған қауіпсіздік нұсқаулықтарымен қамтамасыз етіңіздер. Демалыс орындарында санитарлық-гигеналық талаптардың қатаң сақталуын бақылауға алыңыздар.
Аудандардағы туристік нысандар мен демалыс орындары нақты көрсетілген белгілермен, шұғыл жағдайлардың алдын алу үшін байланыс арналарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Қауіпсіздік шараларын телеарналарда, әлеуметтік желілерде, интернет ресурстарда кеңінен ақпараттандырыңыздар», – деді Данияр Еренғалиұлы.
Айта кету керек, осы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында туризм саласына 25,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,2 есеге артты.
Іскерлік туризм бағытында ұйымдастырылған халықаралық және республикалық іс-шаралар нәтижесінде облысқа келуші туристер саны едәуір көбейді. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша туристер саны 48 мың адамға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 89,2%-ға өсті.
Облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі бойында 55 жол бойы сервистік кешені жұмыс істейді.
Жазғы демалыс маусымында өңірде 13 шағын және 2 ірі демалыс орны халыққа қызмет көрсетуде.

БӨЛІСУ