Облыстық мәслихат депутаты, Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Бауыржан Сандыбаевтың төрағалығымен сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.
Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 7 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі «2024 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту туралы» мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы С.Мырзабеков, Қызылорда облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы М.Қалдарбеков, облыстық мәслихаттың Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Б.Шәменова баяндама жасады.
Мұнан кейін, күн тәртібіндегі «Облыстық білім басқармасы басшысының есебі туралы» мәселе тұрақты комиссиялардың отырысында қаралып, аталған мәселе бойынша тұрақты комиссия мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары Ж.Ысқақ, Г.Мұсаева, А.Абибуллаева білім саласына қатысты баяндама жасады.
Алдымен депутат Г.Мұсаева Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес, облыс бойынша оқушы балалардың жазғы тынығу, сауықтыру және демалыс орындарының жағдайы бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысын ұсынып, баяндама жасады.
Одан соң, депутат А.Абибуллаева мектепке дейінгі балаларға инклюзивті және ұлттық тәрбие беру бағдарламаларының тиімділігі, сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті орта қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар, отырыста Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның бүгінгі отырысында күн тәртібіндегі «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе бойынша депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы С.Мырзабеков тарапынан жан-жақты, нақты жауаптар берілді.
Күн тәртібіндегі «Қызылорда облысы аумағында жұмыс берушілер жалға берілетін тұрғынжайлар салуды жоспарлайтын ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің тізімін бекіту туралы»; «Қызылорда қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы»; «2025-2027 жылдарға арналған Қызылорда облысы бойынша қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы»; «Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларын сайлау туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы өзге де мәселелер талқыланды.
Отырыс соңында депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, күн тәртібіне ұсынылған 7 мәселенің шешім жобасын сессия қарауына жіберу туралы бірауыздан қаулы қабылданды.

БӨЛІСУ