Облыстық мәслихат төрағасы мен облыстық мәслихат депутаттары, аудандық мәслихат төрағасы Ғ.Жарқынбек және аудан әкімінің орынбасары Б.Нұридиновпен бірге Жаңақорған ауданына қарасты Бесарық елді мекенінде орналасқан «Қызылорда облыстық қосымша білім беру және олимпиадалар орталығы» лагерінде болды.

Бүгінде аталған лагер тек тынығу орны ғана емес, балалардың білім көкжиегін кеңейтетін орталыққа айналған. Жыл сайын 7 ауысымда 2100-ге жуық оқушыны қабылдайтын лагер базасында мектеп бітіруші түлектерге арналған «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерін дайындауға бағытталған оқу курстары тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Лагер аумағындағы жайлы ахуал, жасыл желекке оранған табиғи орта, 4 мезгіл тамақтану, оқушыларға арналған тәрбиелік-танымдық шаралар барлығы да балалар үшін қолайлы жағдай қалыптастырылғанын көрсетеді.
Сапар аясында облыстық мәслихат депутаттары лагердің материалдық-техникалық базасымен танысып, тынығушылармен және педагогикалық ұжыммен пікір алмасты. Педагогтар оқу-демалыс бағдарламасының мазмұнына тоқталып, жыл сайын қатысушылар санының артып келе жатқанын жеткізді.
Өз кезегінде облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов балаларға қосымша білім беру жүйесінің маңыздылығына тоқталып, мұндай орталықтардың интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеуде айрықша рөл атқаратынын атап өтті.

БӨЛІСУ