Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов ауданға жұмыс сапарымен келіп, Арал қаласында жаңадан ашылған Руханият орталығының жұмысымен танысты.
«Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда құны 11 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтары салынып, пайдалануға берілген болатын. Соның бірі аудан орталығында ашылып, бүгінде жұмысын қарқында жүргізуде.
Халық игілігіне берілген орталықта музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталығы мекемелері орналасқан. Ғимарат ішіндегі мұражайда 11600 экспонат сақталған.
Сонымен қатар, кітапханада 112 мың кітап қорынан тұратын 2 үлкен оқу залы жалпы 7700 оқырманды қамти алады. Сондай ақ, архив бөлімінде жалпы 233-қор дерек, 62342 – сақтау бірлігі бар. Оның ішінде елімізге белгілі тұлғалардың 24 жеке тектік қоры, 781-сурет құжаттары сақталған.
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты М.Жайымбетов орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, аталған руханият ордасында елдің игілігіне жарайтын, жастарға жақсы үлгі болатын түрлі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.
Мұнан соң “Qazaqstan halqyna” қоры ауданаралық оңалту орталығының жұмысымен танысты.
Аталған орталық 2-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді науқастарынан ерте оңалту мақсатында ашылып отыр.
Оңалту орталығында Қазалы ауданының және Ақтөбе облысының Шалқар ауданының мүгедек балдарына медициналық көмек көрсетуі мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда орталықта ішкі жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр.
Осындай заманауи орталық бұған дейін облыстық балалар ауруханасының жанынан ашылған болатын. Ол жүйелі және кешенді тәсілдермен жұмыс жасап, тиімділігін көрсетіп келеді. Сондықтан болар мұндай орталықтарды аудандарда да ашу қолға алына бастады. Алғашқысы өткен жылы Жаңақорған ауданында пайдалануға берілсе, осы жылы қаладағы осы орталық пайдалануға берілмек.
М.Жайымбетов орталық ғиамарытының құрылыс жұмыстарымен танысып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.