Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен жергілікті журналистер арасында өткен «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты облыстық байқауының жүлдегерлері марапатталды.

Байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау жұмыстарын жандандыру, мемлекеттік тілдің өзекті мәселелеріне арналған мақалалар, бағдарламалар арқылы отандастарымыздың танымын кеңейту.

Аталған шарада басқарма басшысы Р. Каюпов кіріспе сөз сөйлеп, қатысушыларды алда келе жатқан Астана күні, Ұлттық домбыра мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

Байқауға қатысушылардың материалдарын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбілда Ғазиза Қозыбекқызы бастаған қазылар алқасы сараптаудан өткізіп, мемлекеттік тіл тақырыбына жазылған мақалалардың деңгейі туралы өз пікірін ортаға салды.

Байқау қорытындысымен «Үздік мақала» номинациясымен облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі С. Адайбаева, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Г. Табынбай, «Үздік сайт мақаласы» номинациясымен – «Сыр дидары» газеті, редакциялық алқа төрағасы Б. Бүркітбайұлы, ал ынталандыру сыйлықтарына аудандық «Жаңақорған тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Ә. Жарықбаев және газет тілшісі Ә. Рзаева, «Халық» республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық басылымының тілшісі П. Захрадин және Шиелі аудандық «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Г. Дүйсебаева мен тілшісі Г. Яхияева ие болды.

Байқау жүлдегерлері басқарма басшысының Алғыс хатымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Барша марапат иелерін құттықтай отырып, ұлт мүддесі жолындағы еңбектеріне табыс тілейміз.

БӨЛІСУ