Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай өткен «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнерпаздар байқауы аясында ауданның мәдениет майталмандары Қызылорда қаласының орталық алаңында мерекелік өнер кешін өткізді.
Кеш шымылдығы қолөнершілер көрмесімен ашылып, қала тұрғындары мен қонақтары қызығушылықпен тамашалады. Ал өнер сахнасында ауданның талантты өнерпаздары, халықтық вокалды-аспапты ансамблі мен «Әжелер» ансамблі сахна төрінде өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді.
Осылайша, алты Алашқа ана болған Сыр елінің бас қаласы – Қызылорданың аспанын Жалағаштың әні мен күйі тербеп, мерекелік думанға бөледі.
Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары арасында әріптестік байланысты нығайтып, шығармашылық бәсекелестік қалыптастыру, әр ауылдан талантты өнерпаздарды анықтау, төл мәдениетімізді, ұлы өнерімізді дәріптеу арқылы мәдениет үйлерінің жұмысын жандандыру мақсатында Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілетін «Ел іші – өнер кеніші» атты дәстүрлі өнер байқауы биыл ХІІ рет байрағын көтеріп отыр.
Байқау шымылдығын түрген ақсуаттық өнерпаздар тақырыптық қойылым және концерттік бағдарламасын ұсынып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады.