Судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында аудандық тарихи-өлкетану музейінің бос тұрған ғимаратынан Жаңақорған ауданының Билер кеңесіне арнайы қызметтік бөлмелер пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Мәжит Самитов, аудандық соттың төрағасы Айдос Жолдыбаев, аудан прокуроры Дабыл Аянұлы, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев, Билер кеңесінің төрайымы Раушан Назарова мен кеңес мүшелері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты.

Билер кеңесінің басты мақсаты – халық арасындағы тұрмыстық сипаттағы дау-дамайларды сотқа жеткізбей, ауыл ақсақалдары мен билердің араласуымен бейбіт түрде шешу. Сондай-ақ, кеңес мүшелері ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, ұрпақ тәрбиесіне және қоғамдық өмірге белсенді араласуға атсалысуда.

Бұл игі бастама азаматтар үшін де, сот органдары үшін де тиімді болмақ. Ең бастысы – қоғамдағы дауласушылық деңгейін төмендетуге және келісім мәдениетін нығайтуға оң ықпал етеді деген сенім мол.

БӨЛІСУ