Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер және Полиция қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Мемлекеттік қызметші мен полиция қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін, қызметтің оң имиджін көрсетеді. Олардың мәртебесі мен абыройы – Отанға, халқына адал қызмет етуімен бағаланады. Сондықтан да бұл мамандық иелері әрдайым парасат биігінде болуы қажет. Себебі халықтың билікке деген сенімі сіздер мен біздерден бастау алады. Ел үшін еңбек еткен адамның қашанда еңсесі биік, мұраты асқақ, болашағы баянды болады. Әрдайым анттарыңызға адал болып, «ел қорғаны», «халық жанашыры» деген атақты абыроймен алып жүрулеріңізге тілектеспін» – деді Ғани Сүлейменов.
Салтанатты жиын барысында нәтижелі еңбегімен көзге түскен бірқатар сала мамандары Мемлекеттік қызметкерлер салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің, аудан әкімінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, Мемлекеттік қызметшілердің ант беру қағидаларына сәйкес, мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген Нұрбек Нұргүл Сұлтанқызының салтанатты түрде ант беру рәсімі өтті.
Мерекелік кеште аудан өнерпаздары әсем әндер шырқап, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.