Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №60 мекемесінде жазасын өтеп жүрген 15 азамат аттестат алды.
Жазасын өтеуші азаматтарды Қызылорда қалалық білім бөлімінің «Жалпы білім беретін кешкі мектеп» мұғалімдері оқытты. Оқуға қабылданған азаматтардың ішінде өзге ұлт өкілі де бар. Білім алушы азаматтарға бекітілген кестеге сәйкес білім беретін ұстаздар оқушыларын аттестат алуларымен құттықтап, сотталғандардың өз деңгейінде білім алуларына жағдай жасағаны үшін мекеме басшылығына алғысын білдірді.
“Кешкі мектептің ҚАЖ департаменті №60 мекемесінде ашылғанына он бір жылға таяу уақыт болды. Осы уақыт ішінде біз сотталған азаматтармен тығыз байланысып, еркіндікте жүрген оқушылармен тең дәрежеде қараймыз. Қазіргі таңда сотталған азаматтарға 9 мұғалім сабақ береді. Оқу жылының сәтті аяқталуымен оларды құттықтаймыз. Алдағы уақытта жаңа оқу жылында білім алуға ниет білдірген азаматтарды оқуға қабылдау жұмыстарын жүргіземіз — деді сынып жетекшісі Аубакиров Батыр.