Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Мемлекеттік қызметшілер күніне орай жас мемлекеттік қызметшілермен ашық форматта кездесу өткізді.
Жиын барысында Шиелі ауданындағы жас мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен еркін сұхбат өрбіді. Аудан басшысы қызмет жолында белсенділік пен жауапкершілік танытып жүрген жастарға сәттілік тілеп, кәсіби өсу мен дамуға бағытталған ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Кездесу аясында аудан әкімінің қолдауымен құрылған «Рухани өрлеу» шығармашылық орталығының мүшелері — жас мемлекеттік қызметшілер — өз өнерлерін паш етіп, жүрекжарды өлең шумақтарын оқыды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 15-бабы 6-тармағына сәйкес, жоғары оқу орнын мемлекеттік тапсырыс негізінде тәмамдаған үздік түлектерге конкурссыз мемлекеттік қызметке кіру мүмкіндігі берілетіні айтылды.
Осы негізде:
– Оразаева Тахмина Жақыпқызы – «Жөлек ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ-де жетекші маман-заңгер,
– Қалмұхамедова Мерей Ардаққызы – «Жуантөбе ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ-де бас маман лауазымдарына тағайындалды.
Бұл — жас буынның әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған нақты қадам екені атап өтілді.