Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің тапсырмасына сәйкес, Шиелі ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аумақтарды абаттандыру және санитариялық тазалық жұмыстары тұрақты бақылауда.

Осы мақсатта аудан әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықовтың жетекшілігімен жұмысшы топ елді мекендерді аралап, санитариялық жағдайды зерделеуге арналған арнайы рейд жүргізуде.

Аралау барысында рұқсатсыз төгілген тұрмыстық қалдықтарды жою, жасыл желектерді күтіп-баптау, тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру, көше бойларын көркейту мен көгалдандыру жұмыстары басты назарға алынды.

Сонымен қатар, меншік нысанына қарамастан, кәсіпкерлер мен тұрғындарға санитариялық талаптарды сақтау, өздеріне тиесілі аумақтарды таза ұстау және абаттандыруға қатысу бойынша ескертпе жұмыстары жүргізілді. Талаптарды орындамаған тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылып, айыппұлдар салынатыны туралы нақты ескертілді.

Айта кету керек, Қызылорда облыстық мәслихатының №112 шешімімен бекітілген абаттандыру қағидалары барлық азаматтар үшін міндетті. Қағидада аумақты таза ұстау, қасбеттердің күтімі, қоқыс шығару тәртібі мен қауіпсіздік талаптары нақты белгіленген.

Тазалық – ортақ міндет. Бұл бағыттағы бақылау және ескерту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.

БӨЛІСУ