Жалағаш ауданында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бірыңғай цифрлық платформасы арқылы әлеуметтік қолдау шараларының бизнес-процестерін цифрландыру бағытындағы мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің жаңа моделін енгізуге байланысты мәжіліс өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтің төрағалығымен өткен мәжіліске FSM Social мобильдік қосымша бойынша ҚР Еңбек министрлігі, Еңбек ресурстарды дамыту орталығы өкілдері мен «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсесінің» басшысы Ф.Сағындық, Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Тимур Мұратов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Азамат Мыңбаев пен мобильдік топ мүшелері қатысты.

Жиын барысында «Қазіргі таңда, орталықтармен бірлесіп білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының қатысуымен өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтар жұмыс жасауда» деген аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына сәйкес 2022-2025 жылдар аралығында әрбір қала мен ауданда отбасын қолдау орталықтарын құру тапсырмасы бойынша облыс әкімінің қолдауымен 2023 жылы аудандық Отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Мәжілістің күн тәртібіндегі негізгі мәселеге байланысты өткізілетін оқытудың алға қойылған мақсаттары мен жоспарлары бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Тимур Мұратов хабарлама жасап, жұмысшы топтың мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шеңберінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын автоматтандыруға арналған Socium ААЖ және FSM Social цифрлық платформаларын енгізу жұмыстарын жүргізіп, салалық мамандарға аталған цифрлық платформаларда оқыту жұмыстарын жүргізу екенін атап өтті.

Айта кетейік, әлеуметтік саланы жетілдіру бағытында көрсетілетін қызметтердің халыққа тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру үшін FSM Social секілді заманауи цифрлық платформаларды енгізу аса маңызды. Бұл жүйе – отбасылардың нақты қажеттіліктеріне дер кезінде әрекет етуге, мемлекеттік қолдауды нақты бағыттауға мүмкіндік береді.

БӨЛІСУ