Шиелі ауданында 2025 жылғы жазғы демалыс кезеңінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, денсаулығын нығайтып, шығармашылығын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Ауданның балаларға арналған басты демалыс орны — «Сыр Ұланы» жазғы лагері биылғы маусымда 700 баланы қабылдайды. Лагерь алғашқы күннен-ақ көңілді демалыстың, шат күлкі мен достықтың ордасына айналды. Мұнда тынығып жатқан балалар спорттық сайыстар мен мәдени-танымдық іс-шараларға белсене қатысып, әр күнін мазмұнды әрі қызықты өткізіп келеді.
«Сыр Ұланы» лагерінің тынығушылары үшін «Арман» мәдениет үйі мен спорт кешенінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, балалар аптасына екі рет арнайы бассейнге тасымалданып, шомылу мүмкіндігіне ие болуда.
Сонымен қатар, мектеп жанындағы лагерьлерде де балаларға арналған сауықтыру шаралары жалғасуда. Аудандағы бірқатар мектептерде бір мезгіл тамақпен және тамақсыз демалыс лагерьлері жұмыс істеп, мыңға жуық оқушы қамтылуда. Олар да орталықтағы мәдени-спорттық мекемелерге барып, түрлі үйірмелер мен ойын-сауық бағдарламаларына қатысып жүр.
Жазғы сауықтырудың басты мақсаты – балалардың денсаулығын нығайту, шығармашылық қабілеттерін дамыту және демалыс уақытын қауіпсіз әрі пайдалы өткізу. Еліміздің ертеңі – бүгінгі бала екенін ескерсек, олардың жан-жақты өсіп-жетілуіне жағдай жасау – басты міндет.