Енді елімізде автожол саласында қызмет ететін азаматтардың төл мерекесі аталып өте бастайды.
Қазан айының соңғы жексенбісі тәулік бойы тынымсыз тер төккен жолшылардың, яғни «Автожол саласы қызметкерлерінің күні» болып бекітілді.
Кәсіби мереке «Жұмысшы мамандықтар жылына» тарту ретінде Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен күнтізбеге енгізілді.
Жол – экономиканың күретамыры, сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, туризм сынды салалар сапалы жолға тәуелді.
Табысты өсіру, бизнесті дамыту логистикамен тікелей байланысты болғандықтан, жол салатын мамандардың еңбегі құрметке лайық.
Сапалы жол елді мекендердің арасын жалғап, көлік қозғалысын реттеп, азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді.
Сыр өңірінде де жол сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде Президент бастамасымен, Үкіметтің қолдауымен салада серпінді жұмыстар атқарылып, нәтижеге бағытталған көрсеткіштер жаңаруда.
Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақта жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 92,5 % болса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 95%-ға жетеді.
Кәсіби мереке санатына кірген атаулы күн барша сала қызметкерлеріне ерекше серпін беретіні анық. Сонымен бірге автожол қызметкері болуға ниетті жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Шын мәнінде, жол салу – жауапты іс. Адал еңбектің қызметкері атанған автожол саласы мамандарының төл мерекесі жаңашыл да жарқын жобалардың жүзеге асуына бастау бола берсін!
Ел игілігі жолындағы ізгі істеріңіз нәтижелі болғай!