Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен вегетациялық кезеңнің барысы туралы Үкімет отырысы өтіп, күн тәртібіндегі мәселеге қатысты бірқатар тапсырма берілді.
Үкімет отырысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режимде қатысып, аймақтағы жағдайды баяндады.
«Биыл Қызылорда облысында 189 400 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Үкімет бекіткен Жол картасына сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда күріш алқаптары 4 700 гектарға қысқартылды. Оның орнына суды аз қажет ететін малазықтық және майлы дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылды.
Егісті сумен қамтамасыз етуге 3 млрд. 900 млн. текше метр су лимиті бекітілген. Облыста егін егу жұмыстары аяқталып, күріш 80 900 гектарға себіліп, суға толық бастырылды. Суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында тиісті министрліктермен бірлесіп, бірқатар шара атқарылуда», – деді Н.Нәлібаев.
Бүгінде лазерлік тегістелген күріш алқаптарының көлемі 60 мың гектарға, ал су үнемдеу технологияларын пайдалану екі есеге дейін артып, 8 100 гектарға жеткізілді.
Барлық ауданда құрылған арнайы жұмыс топтары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, суды тиімді пайдалану қатаң бақылауға алынды. Магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы суды кезектестіріп беру кестесі бекітілген, су осы кестеге сәйкес жіберілуде. Облыс бойынша 357 насос қондырғысы дайындалып, оның 180-і іске қосылған.
Өткен жылы Үкіметтің қолдауының арқасында егіс алқаптарында су тапшылығы болған жоқ. Отырыста облыс әкімі «Шардара» су қоймасынан кемінде 1 млрд. 500 млн. текше метр су жіберуге ықпал жасауды сұрады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ