Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен «Таза Қазақстан» бағдарламасының ауданда жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Тазалық мәселесіне қатысты талаптың ешқашан босаңсымайтынын айтқан аудан әкімі өңірлердегі ахуал жіті бақылауда болса да кемшіліктер ішінара байқалып жатқанын ашық айтты. Әсіресе ауданға қарасты ауылдарда экологиялық, санитарлық тазалық мәселесі талапқа сай болмай тұр. Кейбір әлеуметтік нысандардың да жағдайы сын көтермейді.
Осы және өзге де кемшіліктерді жіпке тізген аудан басшысы ауданға қарасты бірнеше ауылдардағы кемшіліктерді арнайы слайд арқылы көрсетіп, жауаптыларға олқылықты қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылдан бастап «Таза Қазақстан» бағдарламасы іске асырылуда. Ел Президенті өз Жолдауында «бұл уақытша акция емес, маңызды жоба жыл бойы жалғасуы тиіс» – деп атап өткен болатын. Сондықтан да, бағдарламаның нәтижелі іске асырылуы қатаң бақылауда болады. Осы ретте, Арал қаласы, кент және ауылдық округ әкімдері осы бастан тазалық жұмыстарын жандандыру маңызды, – деді аудан әкімі.
Жиын барысында ауылдық округтердегі әлеуметтік нысандардың қас-келбеті мен көшелердегі түрлі хабарландыру тақтайшалары, туризм объектілері мен қоқыс полигондарының қазіргі жай-күйі де назардан тыс қалмады. Кейбірі бойынша кемшіліктердің әлі де анықталып жатырғаны сөз болды. Осы мәселені сын садағына алған аудан әкімі мәселеге жүрдім-бардым қарап, жауапсыздық танытып жүрген мекеме басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне қатаң шаралар қабылданатынын атап өтті.
Кемшіліктер бойынша жұмысты жандандыруды айтқан аудан басшысы жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеп, олардың уақытылы орындалуына бақылу жасауды аудан әкімінің орынбасарларына тапсырды.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жиын соңында ағымдағы жылдың 22 маусымы мен 1 шілде аралығында өтетін Арал ауданының аумақтық қорғаныс батальонымен 10 күндік арнайы тактикалық оқу-жаттығу жиынына дайындық барысын пысықтап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.