Экология мәселесі елімізде оның ішінде облыста өте өзекті. Себебі, тұрғындардың денсаулығы, тұрмысы қоршаған ортаның жағдайына және су ресурстар саласына тікелей байланысты. Осы орайда су саласын дамытудың кешенді жоспарының орындалысы мен мұнаймен ластанған топырақтарды қалпына келтіру мәселелері «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңес отырысында жан – жақты талқыланды.
Облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Жорабек Нұрымбетовтың төрағалымен өткен жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов арнайы қатысты.
Жиында су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының облыста орындалуы бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы директорының орынбасары Елдос Акишев, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Сыр суы» филиалы директорының орынбасары Ержан Әмиша хабарлама жасаса, күн тәртібіндегі екінші мәселе – мұнай компаниялары тарапынан мұнаймен ластанған топырақтарды қалпына келтіру, мұнай өндірушілерінің факелдерінің қоршаған ортаға эмиссиясының жай-күйін баяндау үшін экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Алмас Искаковқа сөз берілді.
Қайрат Жансұлтанұлының айтуынша кешенді жобаға облысты суармалы сумен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды қаржыландыру үшін жалпы соммасы 148,3 млрд. теңге болатын 112 жоба ұсынылған. Олардың 81-і республикалық, 24-і облыстық бюджеттен болса, 7 жоба Ислам Даму Банкі арқылы қаржыландыру көзделген. Жоспарда Мемлекет Басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында елімізде бірінші кезекте салынатын 9 су қойманың тізіміне Қараөзек су қоймасы енгізілген.
«Су ресурстары және ирригация министрлігімен су жинау көлемі 775 млн. м3. құны 3,8 млрд.теңгені құрайтын Қараөзек су қоймасының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, өткен жылдың 31 шілдесінде мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ислам даму банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын климаттық орнықты су ресурстарын дамытудың 1- кезеңінде іске асыру жоспарланып отыр»,- дейді бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы.
Өткен жылы кешенді жоспарға енгізілген 6,1 шақырымды құрайтын айналма канал қазылған. Жаңақорған ауданы Жаманбай батыр ауылдық округіндегі лоток каналының құрылысы аяқталды. Инженерлік дренажды жүйелерді жетілдіру жобасының 2-ші кезеңі 2019 жылдан бастап облыстың Жалағаш ауданында 15 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда республикалық меншікке қабылдау жұмыстары жүруде. Ағымдағы жылы 9,1 мың гектарға су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы егін егу жоспарланса, одан нақты 8,2 мың гектарға орналастырылған. Бұл көрсеткішті 2028 жылға дейін 24,2 мың гектарға жеткізу межеленуде.
Өз кезегінде сөз алған «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Сыр суы» филиалы директорының орынбасары Ержан Әмиша облыстың жеті ауданындағы 190 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз етуші бірыңғай оператор болып табылатын филиалдың теңгеріміндегі инженерлік желілер мен құрылыстардың жыл өткен сайын ескіріп бара жатқандығын айтады. Онан бөлек, тұрғындар тарапынан ауыз су тұтыну көлемінің де артып отырғандығын жеткізді.
Мәселен, қыс мезгіліндегі тәулігіне ауыз су тұтыну көлемі 30 мың текше метр. Ал, жаз мезгілінде 60-65 мыңға дейін артады. Бұл жерде халық саны артып отырған жоқ. Керісінше суды пайдалану көлемі артып отыр. Бұл тұрғындардың ауыз суды бау-бақшаға, тұрмыстық қажеттіліктерге, құрылыс жұмыстарына пайдаланатындығын көрсетіп отыр. Біз бұл бағытта филиалмен бұқаралық ақпарат көздері, әлеуметтік желі арқылы су үнемдеу тақырыбында үнемі ақпараттық-танымдық материалдар жарияланып келеміз. Алайда нәтиже жоқ. Жақында Су кодексіне өзгеріс енгізілді. Онда, техникалық мақсаттар бойынша суды «қайталама пайдалану» әдістерін қолдану ұсынылды. Яғни, жаңа заңнама талаптарына сәйкес, көлік жуу, субұрқақ және т.б. нысандар ауыз суды үнемдеу технологиясына көшуі тиіс. Бұған әкімшілік шара да қарастырылған. Әрине, бұл бірден жүзеге асырылатын процесс емес. Қазіргі таңда, жаңадан су көзіне қосылуға өтініш білдірген тұлғаға техникалық шарт беру кезінде міндетті түрде ескертіліп, талап қойылуда. Ауыз суды үнемдеу тек ауыз су таратушы мекеменің ғана емес, қоғам болып атсалысатын, ауыз су қорын болашақ ұрпаққа сақтау үшін, қоғам болып күресетін мәселе»,- деді Ержан Әмиша.
Мұнаймен ластанған топырақтарды қалпына келтіру мәселесіне келсек, ағымдағы жылдың 5 айында мұнай саласына қатысты 3 профилактикалық бақылау жүргізіліп, нәтижесімен 12 заңбұзушылықтар анықталған. Яғни, «Торғай Петролеум» АҚ, «Куатамлонмұнай» БК» ЖШС, «Қор» МК» АҚ-мен мұнай құбырының тесілу салдарынан мұнай өнімдері төгіліп, авариялық жағдай орын алып, жер бедері мұнай өнімдерімен ластанған.
«Бұл бағытта Департамент тарапынан авариялық ластануға жол берген субъектілерге қатысты тиісті шаралар қабылданып, ремидиация бағдарламасы ластанған жерлер толығымен қайта қалпына келтірілді», – дейді Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Алмас Искаков.
Кеңес отырысында күн тәртібіне сәйкес кеңес мүшелері тарапынан көптеген ұсыныстар айтылды. Олар кеңес хаттамасына енгізіліп, жұмысты жетілдіру мақсатында тиісті органдарға жолданатын болды.