«WorldSkills Qyzylorda-2025»: аймақтық іріктеу байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «WorldSkills Qyzylorda-2025» облыстық іріктеу байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.
Елімізде 2015 жылдан бастап жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатында «WorldSkills Kazakstan» Ұлттық чемпионаты ұйымдастырылып келеді.
Өткен жылы Астанада қаласында «WorldSkills Kazakhstan-2024» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында еліміздің барлық өңірінен 30 құзыреттілік бойынша 500-ден астам колледж студенттері қатысты. Қызылорда облысынан 22 құзіреттілік бойынша 23 студент қатысып, 1 алтын, 1 қола, 10 медальон жеңіп алды. «Абылай хан» атындағы жоғары колледжінің студенті «Плиткамен қаптау» құзыреттілігі бойынша алтын медальға ие болды.
Ал биыл аймақтық іріктеуге 30 құзыреттілік бойынша 150-ден аса білім алушы қатысты. Салалары бойынша үздік атанған 32 студент биыл қараша айында Елордада республикалық кезеңде бақ сынамақ.
Салтанатты шарада облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Есенбаев Бекжан Шахизатұлы жеңімпаздарды құттықтап, барлық қатысушыларды марапаттады.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурсында үздік атанған 8 студентті жеңістерімен құттықтады.
Айта кеткен жөн, аймақтық іріктеуден жолдама алған қатысушылар биыл республикалық деңгейде бақтарын сынаса, өткен жылғы еліміз бойынша үлкен нәтиже көрсеткен қос қатысушымыз екі құзыреттілік бойынша Дания мемлекетінде өтетін «Euroskills» халықаралық чемпионатында қазақ елінің намысын қорғайтын болады.