Бүгін облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Жорабек Нұрымбетов, фракция жетекшісінің орынбасары Мақсұт Нәлібаев және фракция мүшелері Балжан Шаменова, Алмас Рахметов, Гүлшат Мұсаева, Ержан Искендер екі топқа бөлініп, «Қарауылтөбе» және «Қызылжарма» бастауыш партия ұйымдарына барып, сайлаушылармен кездесті.
Жиында фракция мүшелері атқарған жұмыстарын баяндады. Партияның Сайлауалды бағдарламасында Қарауылтөбе ауылдық округінде бірқатар жобалар жүзеге асты. Соның бірегейі 150 орынға арналған ауылдық «Мәдениет үйі». Сонымен қатар, аталмыш ауылда бау-бақша егу мезгілінде тұрғындарға шаруашылық жүргізуге жер телімдері уақытша беріліп келді. Сайлауалды бағдарламасы аясында Қызылжарма ауылдық округінде де ауқымды жұмыстар атқарылды. Фракция мүшелерінің белсенділігінің нәтижесінде ауылдағы инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асты. Жол картасы аясында Қызылжарма ауылдық округінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа білім ошағы бой көтеруде.
Жыл сайын бастауыш партия ұйымдардың қатары жаңа мүшелермен толығып, олар партиялық шаралардың орындалуына белсенділік танытып келеді.
Қос ұйымдағы кездесуде де азаматтар тарапынан бірқатар сауалдар жолданып, оларды шешу бағытында фракция мүшелері тарапынан тиісті органдарға ұсыныстар жолданатын болды.