Қызылордада ерлік көрсеткен полицейлер марапатталды.
Бүгін Қызылорда қаласының Полиция басқармасымен «Ерлік ел есінде» атты іс – шара ұйымдастырылды.
Ерлік жасау мамандық пен сала таңдамайды. Десе де, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ол – тәртіп сақшылары. Адам өміріне тікелей араша түсетін тәртіп сақшыларының әр күні қауіпке толы. Олар алдыңғы шепте, халық алдында қызмет ететіндіктен, ерлігі де, заңға қайшы әрекеті де бірден көзге түседі.
Іс – шараның ашылу салтанатында Қызылорда қаласы Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Беркімбаев Дәулет Сүлейменұлы сөз сөйлеп, ерлік көрсеткен полиция қызметкерлерін арнайы қол сағаттарымен марапаттап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Тәртіп сақшыларының басты парызы – ел тыныштығын сақтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алайда оларға кейде дәрігер мен психологтың, кейде тіпті сүңгуір мен өрт сөндірушінің де міндетін атқаруға тура келеді.
Ердің ері сыналар оқиға болған тұстағы батырлығы үшін Қызылорда қаласы Полиция басқармасының полицейлері ерлік көрсетіп, азаматтық танытты. Құқық қорғаушылар мұндай қауіпті жағдайлармен күнде кездеседі. Сұрастырсаңыз, сын сағаттағы ерліктері жайлы тізе беруге болады. Қай-қайсысының болмасын ерлігі бағаланып, марапатталып жатыр. Елге қызмет ететін осындай адал құқық қорғаушылар полиция абыройын көтеріп келеді.