Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен тазалық жұмыстары, ғимараттарды күтіп ұстау мен абаттандыру мәселелері талқыланған жиын өтті. Басқосуға жауапты сала басшылары қатысып, алдағы бағыт-бағдар белгіленді.

Қоршаған ортаның, қала мен ауылдың тазалығын сақтау, келбетін көркейту жұмыстарының барлығы онда тұратын тұрғындар игілігі үшін жасалатыны белгілі. Айналамыздың әсем де көрікті, заманауи талапқа сай болғаны барлығымыз үшін маңызды. Ортақ үйіміздің абаттандырылуына, тазалығына баршамыз жауапты болғанда ғана қаламыз бен ауылдарымыз бүгінгіден де көркейе бермек. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда айналаны ластамау, жанашырлық таныту, туған жерге деген сүйіспеншілікті іспен көрсету туралы жаңа түсінік орнығып келеді.
Қызылорда облыстық мәслихатының 2024 жылғы 25 шілдедегі №112 шешімімен облыс аумағын абаттандыру қағидалары қабылданған болатын. Негізгі мақсаты – тұрғындар үшін қауіпсіз, таза, жайлы және тартымды орта қалыптастыру. Бұл талаптар Қызылорда облысындағы барлық заңды және жеке тұлғаларға қатысты.
Қағидада аумақты күтіп ұстау мен абаттандырудың негізгі талаптары бекітілген. Атап айтсақ, тазалық сақтауды, іргелес аумақты, ғимараттың қасбетін күтіп ұстауды, көгалдандыруды, инфрақұрылым элементтерін күтіп-баптауды, құрылыс барысында және одан кейінгі тәртіпті қамтамасыз етуді, балалар алаңдары мен уақытша құрылыстардың жайын, жануарларға арналған орындар мен қоқыс жинау тәртібін қамтиды.
Бұл өңіріміздің келбеті мен тұрғындардың өмір сапасы үшін өте маңызды. Сондықтан барша жұртшылық белсенділік танытып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауы керек.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ