Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Ғылым қызметкерлерінің күніне орай «Әлемді ғылым құтқарады – III» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Атаулы шараның модераторы – Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнура Бурибаева болды.
Жиынға университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Бейбіткүл Каримова, профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар мен қызметкерлер қатысты.
Іс-шарада ректор Бейбіткүл Каримова өз сөзінде:
«Ғылым – елдің болашағы. Университетімізде ғылым мен білімнің ұштасуына, жас ғалымдардың жаңа биіктерге жетуіне барлық жағдай жасалуда», – деп атап өтті.
Университеттің ғылыми жетістіктері де мақтанарлық. 2020 жылы 71,2 млн теңге сомасына 9 ғылыми жоба орындалса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 750,7 млн теңгеге жетіп, 23 гранттық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде алғаш рет өңірлік университет сарқынды суларды тазарту технологиясына бағытталған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасын іске асыруда.
Соңғы үш жылда 105,8 млн теңгеге 18 жоба жүзеге асқан. Ал Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған «500 ғалым» бағдарламасы аясында университеттің 25 оқытушысы АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Швейцария, Беларусь, Әзірбайжан елдерінің жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтті.
2021 жылдан бастап 2024 жылға дейін 40 жасқа дейінгі 33 жас ғалым грант жеңіп алды. Университет ішкі грантының көлемі де жыл санап артып келеді – 2025 жылдан бастап бұл сома 30 млн теңгені құрайтын болады.
Мереке барысында ғылым жолында еңбек етіп жүрген ғалымдарға құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды.