Бүгінде Сыр өңірінде теміржол саласында жолаушыларға ыңғайлы болу үшін бірнеше бағытта нақты жобалар іске асуда. Мәселен былтыр ғана облыс орталығындағы Қызылорда теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтсе, Қызылорда – Семей бағытында жаңа вагондар сатып алынып, іске қосылды.

Тағы бір қуанышты жаңалық – Ақтөбе облысымен Қазалы ауданының арасында жаңа жолаушылар пойызы бағыты ашылуда. Бұл пойыз бұрын «Ақтөбе – Шалқар» бағыты бойынша қатынап, енді ұзартылып, Ақтөбеден Қазалыға дейін жолаушыларға қызмет көрсетпек. Бұл бағыттың ашылуы – аудан тарихындағы алғашқы жағдай. Бүгінгі таңда Ақтөбе мен Қазалы арасындағы пойызға халықтың сұранысы жоғары. Сондықтан, жаңа бағыттың пайда болуы аудан тұрғындары үшін өте қолайлы.

Айта кетейік, 6 вагоннан тұратын бұл пойыз Ақтөбе қаласынан 2 сәуір күні жолға шығып, Қазалы теміржол вокзалына 3 сәуір күні келу жоспарланып отыр.Сондай-ақ алдағы уақытта жолаушылар пойызы тақ күндері Қазалы ауданынан Ақтөбе бағытына қарай жүргізілмек.

БӨЛІСУ