Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың басынан бері білім беру саласында 303 қылмыстық іс тіркеліп, жалпы шығын 17,5 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ 28 мектеп директоры мен 2 колледж директоры жаупкершілікке тартылған. Бұл туралы Мәжілістің кеңейтілген отырысында депутат Темір Қырықбаев айтты,-деп хабарлайды Педагог – KZ
Депутаттың сөзінше педагогикалық кадрды іріктеудің жаңа ережесі енгізілгеніне қарамастан, бұрынғы заңсыздықтарды айналып өту және жемқорлық тәуекелін тудыру мүмкіндігі сақталуда. Халық арасында мектепке жұмысқа орналасу үшін директорға немесе басқарма қызметкеріне «заңсыз сыйақы» беру қажет деген қауесет желдей есіп жүр.
Көп қаржы жымқыру фактісі Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы облысында және Алматы қаласында анықталды. Бұл аймақтарда қаржылық бақылаудың әлсіздігі байқалады дей келе депутат бірнеше ұсыныс айтты.
«Бірінші, электрондық мектеп» сынды электрондық жүйелерді енгізіп, білім беру саласындағы кадрларды басқарудың бірыңғай электрондық базасын құруды тездету. Екіншіден, жұмысқа орналасу процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, педагогикалық кадрларды іріктеудің ашық және әділ жүйесін қамтамасыз ету. Үшініші қоғамдық бақылауды күшейту. Яғни, ата-аналар комитеті және басқа қоғамдық ұйымдардың білім беру процесіне және қаржылық қызметке қатысуын кеңейту,-деді депутат Темір Қырықбаев.