«Наурызнама» онкүндігі бойынша 16 наурыз – Шаңырақ күні. Елдік тұрғыда жаңару мен жаңа құндылықтарды қалыптастыру ісінің аясында Наурызды бірлік, бауырластық пен ынтымақ мерекесі ретінде қарастыратын жаңа тұжырымдамаға сәйкес бұл күні отбасы құндылықтарын дәріптеу ұсынылады.

Айтулы күн аясында бүгін Отбасы орталығында «Берекелі шаңырақ – ел бірлігі» атты мерекелік шара өтті. Ұмыт бола бастаған әдет-ғұрыптарды қайта жаңғыртып, жас буынға өнегелеу, отбасы құндылықтарын дәріптеуді діттеген шара аясында көрермендер назарына «Наурыз жыры», «Саумалық», «Аластау», «Неке қию» рәсімдері секілді 7 түрлі дәстүр көрсетіліп, әрқайсының мән-мағынасы түсіндірілді. Тағлымға толы жеті басқұр биіктеліп, «Қара шаңырақ» құндылығы, киесі дәріптелді. «Алтын той» иелері және «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қатысушылары Алиевтер отбасымен сұхбат өрбіп, тәлімі терең отбасының негізін қалаған адал адамдар насихатталды.
Мерекелік жиында отау құруға ниетті жастардың некесі қиылды. АХАЖ бөлімінің мамандары қалыңдық пен күйеу жігітке куәлік табыстап, «Алтын той» иелері ақ батасын берді. Шара соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова сөз сөйлеп, көпшілікті Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады. Жас жұбайларға Наурыз сыйын табыстап, шаңырақтарының берік болуын тіледі.
14 наурыздан бастап кеңінен атап өтіліп жатқан Наурыз тойының мақсаты – көпшілік бойында өз Отанына деген мақтаныш сезімін қалыптастырып, патриотизмді дәріптеу, тұрақтылықты, ұлттық бірлік идеясын насихаттау. Болашаққа деген сенімді арттыруға ықпал ететін онкүндік «23 наурыз – Тазару күнімен» түйінделеді.

БӨЛІСУ