Қазақта «ұл тәрбиелесең әулетті тәрбиелегенің, қыз тәрбиелесең ұрпақты тәрбиелегенің», деген сөз бар. Әсіресе қыз тәрбиесінде оның ар-намысының және абыройының сақталуы үшін, болашақтағы өмірлік кезеңіне дайындығы үшін ата-ананың атқарар міндеті оңай емес. Сондықтан қазақы салтымызда да,дінімізде де қыз бала тәрбиесіне айрықша мән берілген.

        Алла Тағала Құранда, «Шура» сүресінің 49-50 аяттарында:

«Күллі аспан әлемі мен жердің бар билігі мен иелігі бір Аллаға тән! Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыз сыйлайды, қалағанына ұл сыйлайды. Яки қалағанына ұл мен қызды бірге береді. Сондай-ақ, қалағанын бедеу етеді…», – деген. Әйелге игілік, салиқалық берілгеннің белгісі – оның тұңғышының қыз болуы. Себебі Алла Тағала «Қалағанына қыз сыйлайды, қалағанына ұл сыйлайды», – деп қыз баласын ұлдан алдын айтуы бекер емес.

Мұсылман ата-ананың жүрегіне қуаныш сезімін ұялату үшін қыз баласын тәрбиелеудің маңызы жайында көптеген хадистер бар. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтсек. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады:

«Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла Тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді».Тағы бір хадисте: «Дүниеге қыз келген уақытта, Алла Тағала ол жерге періштелерді жіберіп, сәлемін айтып: Мына үйдің тұрғындары, сендерге сәлем болсын! – дейді. Періштелер қанаттарымен жаңа туылған қызды қорғаштап былай дейді: «Қандай әлсіз, қорғансыз еді, әлсіз денеден шықты. Егер әкесі оны тәрбиелеп өсірсе, қияметке дейін оған Алланың жәрдемі болады», – делінген.

Қазақ қыз баласын аялап, мәпелеп өсірген. Халқымыз қыз баласына мейіріммен, оған үлкен ілтипатпен қарай білген. Хадисте: «Қыздарыңызға ашуланып, ренжімеңіздер, өйткені олар қымбатты, мейірімді», – делінеді. Қыз баласын құрметтеумен қатар, оның тәрбиесіне де ерекше ден қойған. Қыз баласы ер адамға тіке қарамаған. Орынсыз күлмеген, кісінің алдын кесе өтпеген. Мұның барлығы имани, қазақы тәрбие жемісі.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қыз-ұл деп ешқашан перзенттерін бөлмей, әкелік қамқорлығын аямаған. Олармен ойнап, көңілдерін аулап, әрдайым қуантып жүрген. Бір адам Алла Елшісімен (с.ғ.с.) отырған уақытта, оның ұлы жанына келді. Ол ұлын  сүйіп тізесіне отырғызды. Ал жанына қызы келгенде, алдына отырғызды, бірақ сүймеді. Сонда Алланың Елшісі: «Сен неге оларға әділетсіздік жасайсың?!», – деген екен.

Қыз тәрбиесі шариғатымызда сауабы мол амал. Өйткені, қыз баласын тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеуге жатады. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген даналық сөз бар. Мынадай хадис келеді: «Алла Тағала өз қыздарына сабырлық еткен әрі осы үшін сыяпатқа ие болатынын білетін адамды жақсы көреді». Тағы бір хадисте: «Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар сол үшін тозақ отынан қалқан болады»,– деп айтқан.

Қыз тәрбиесі екі дүниенің бақыты. Ұрпақ өрбітіп, келешектің келбетін қалыптастыратын, ел мен елді жақындастырып, табыстыратын да қыз баласы. Мұны жақсы білген текті халқымыз қыздың тәлім-тәрбиесін, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын әрдайым басты назарында ұстаған. Өйткені, қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу болып табылады.

Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ,

Сырдария ауданының бас имамы

БӨЛІСУ