Тұтас бір отбасы газдан уланып, қайтыс болды 

Бүгін, 2 наурыз күні Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы жеке тұрғын үйде 7 адамнан тұратын бір отбасы мүшелері түгел газдан уланып, қайтыс болды. Олардың бесеуі кәмелетке толмаған балалар. 

Маңғыстау облысы ТЖД-нің алдын ала болжамы бойынша, қайғылы оқиға газ жабдықтарының ақауынан болған. Қаза тапқандар – Қазақстанда уақытша тұрып жатқан Өзбекстан азаматтары екені анықталды.

Төтенше оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оны Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов басқарады.

Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қайтыс болған отбасының туыстарына жан-жақты көмек беріледі, соның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолдау көрсетіледі.

Аталған оқиға Маңғыстау облысы әкімінің жеке бақылауында.

БӨЛІСУ