Рамазан – жақсылық пен мейірімге толы ерекше ай. Күллі мұсылман күтетін қасиетті рамазан айы 1-29 наурыз аралығында өтеді. Ал, ораза айт мерекесі 30 наурызға тура келеді. Қасиетті Қадір түні 26-нан 27-не қараған түні өтеді. Бұл туралы бүгін «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаев айтты.
– Баршаңызды мұсылмандар үшін қасиетті болып саналатын Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Бұл айда қайырымдылық пен жанашырлық, ізеттілік пен имандылық сияқты қасиеттерді дәріптейтін ерекше кезең. Биыл Рамазан айы 1-і наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30-ы наурыз – ораза айт мерекесі. Биыл Рамазан айында 29 күн ораза ұстаймыз. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 655 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Сонымен қатар “Рамазан қоржыны”, “Мұқтаждарға 35 мың азық-түлік себет” республикалық телемарафоны, “Құран сыйла Уақып ет”, “Рамазанда бір тал ек”, “Рамазан сыйы” сынды қайырымдылық акцияларын және түрлі форматтағы іс-шаралар мен жарыстар өткізу жоспарлануда,-деді, Дастан Жанасұлы.

БӨЛІСУ