18 ақпанда Қобдада жергілікті мектепте 4-сынып оқушылары уланып қалды. Бұған оқушылардың бірі мектепке әкелген қытай тағамдары себеп болған деген болжам бар. Осы оқиғадан кейін жергілікті дүкендер Қытайда жасалған жеңіл тағамдарды тәркілей бастаған.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 200-ден астам сауда нүктесі тексерілді. Алайда департамент әзірге тәркіленген өнімдердің нақты санын айтқан жоқ.
“Өнімдер тексеру үшін сатып алынды. Облыс бойынша 219 сауда нүктесіне мониторинг жүргізілді. Үш сауда нүктесінен өнімдер тәркіленіп, микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштерін тексеру үшін зертханаға жіберілді”, – делінген хабарламада.
Санитарлық дәрігерлер мектеп оқушысы Қытай өнімін сатып алған дүкенді тексерді. Иесінің бұл өнімді сатуға қажетті рұқсаттары болмаған.
“Департамент өнім сатып алынған Қобда ауданында орналасқан дүкенге тексеру жүргізді. Тергеу барысында аталған өнімдерге сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын растайтын құжаттар ұсынылмаған, таңбаланбаған”, –делінген хабарламада.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл сауда нүктесінен барлығы 12 бума жеңіл тағамдар тәркіленді.
Ақтөбе облысының полициясы мектеп оқушыларының жаппай улануына қатысты тергеу жұмыстарын бастады.
Ресми мәлімет бойынша, 18 ақпанда Қобда аудандық ауруханасына түскен мектеп оқушыларының барлығы үйіне шығарылды. Дәрігерлердің соңғы диагнозы – өткір ингаляциялық улану.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысының Қобда ауданында 4-сынып оқушылары жаппай уланып, ауруханаға жеткізілген еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға 18 ақпанда Қобда ауданында болған. Қобыланды батыр атындағы орта мектептің 23 оқушысы шұғыл ауруханаға жатқызылған. Төртінші сынып оқушыларында жүрек айну, көзден жас ағу және бөртпе белгілері байқалған. Мәліметке сәйкес, балалар қытай тағамдарынан уланға. Аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалды.