ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру және Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте аталған мәселелер жан-жақты талқыланды.
«Әлеуетті инвестициялық жобаларды анықтап, оларды жүзеге асыру үшін инвестор тартуға жұмыс істеңіздер. Жобаларды іріктеу кезінде экономикалық тиімділігіне және жұмыс орындарын құруға басымдық берілуі тиіс. Инвестор тарту үшін оларға жеңілдіктер мен субсидиялар ұсыну, салық жеңілдігін жасау, инфрақұрылым жүйелері жүргізілген индустриялық аймақтан жер ұсыну секілді қажетті ақпараттарды беріп, мүмкіндігінше қолдау көрсетуді ұйымдастырыңыздар. Әрбір жобаның іске асырылу барысы мен қаржыландыруын бақылауға алыңыздар.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға жобаларды тоқсан сайын өзектендіруі тиіс. «Акса Энерджи» компаниясының қуаты 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығын платформадағы «Жасыл дәлізге» енгізу үшін тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізіңіздер. Цифрлық платформаның республика деңгейіндегі рейтингінің алдыңғы қатарында болуын тиісті басқармалар мен қала, аудан әкімдіктері арасында үйлестіріңіздер», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, 2024 жылы өңірге 517 млрд. 500 млн. теңге инвестиция тарту индикаторы бекітілді. Инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар есебінен 640 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайыз болды. Оның 70,5 пайызы – жеке инвестициялар. Тоғыз айдың қорытындысымен 171 млн. АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.
Былтыр 37 млрд. теңгенің 21 жобасы іске қосылып, 411 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл 288 млрд. 600 млн. теңгенің 33 жобасы іске қосылады деп жоспарлануда. 2025-2029 жылдары аймақта құны 2 трлн. теңгеге жуық 87 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Өңірде жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулы аясында 988 млрд. 200 млн. теңгенің 51 жобасы қолға алынған. Өткен жылдың төртінші тоқсанының қорытындысымен Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға барлық жоба өзектендірілді. Инвестициялық жобалар пулы аясында 35 млрд. 800 млн. теңгенің 14 жобасы іске қосылып, 347 жұмыс орны құрылды. Биылға 282 млрд. 100 млн. теңгенің 16 жобасы жоспарланған.