«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының аймақтық өкілдігі «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай түрлі шараларды ұйымдастыруды жалғастыруда.

Облыстық жастар ресурстық орталығы базасында Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасының қызметкерлері, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары, «Қызылорда қаласының Мансап орталығы» мамандары, жастар ресурстық орталығы заңгері жұмысшы мамандығымен колледж бітіруші студенттеріне арналған кеңес беру қоғамдық қабылдауын өткізді.
Қоғамдық қабылдаудың мақсаты – болашақ жұмысшы мамандық иелерін еңбек заңнамасы, еңбек құқықтарын қорғау, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша ақпараттандыруға көмектесу. И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі, М. Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі, Текей Батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжі, «Болашақ» университетінің жоғары колледжі, Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі студенттері өз сұрақтарына толыққанды жауап алды.
2025 жылдың қазан айынан бастап «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының Қызылорда өкілдігі жанынан құрылған «Тәлімгерлер клубы» жұмыс істейді, оның мүшелері студенттер мен оқытушылардың сұраныстары мен еңбегіңе қарай әділ жалақы төлеу, келісімшартсыз, бейресми жұмыспен қамту, жұмыс берушілер тарапынан еңбек заңнамасына бағынбау мәселелері туралы пікірлерін тыңдап, талдау жүргізуде. Жұмыс кездесулері, дөңгелек үстелдер мен презентациялар барысында орта арнаулы оқу орындарының мамандары мен студенттері жастардың еңбек нарығындағы жағдайына және олардың жұмысқа орналасуына алаңдаушылық білдірді, сондай-ақ жастардың бос уақытын ұйымдастыру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Осы кездесулердің қорытындысы бойынша қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Қор жақтастары жүргізген алдын ала талдауы аймағымызда жұмысшы мамандық иелеріне деген сұраныстың жоғары болуына байланысты алаңдаушылық байқалатынын көрсетті. Бұл мәселе ірі жұмыс берушілермен, мемлекеттік органдармен және кәсіпкерлер палатасымен де талқылануда. «Әділдік және өркендеу» қоры жақтастарының барлық сараптамалық талдаулары «Қазақстанның еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасын» одан әрі тиімді жүзеге асыру үшін ұсыныс ретінде жинақталатын болады.
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде ұйым Қазақстанда әрбір азаматтың адал еңбек етуге мүмкіндігі бар әділ де өмір сүру сапасы жоғары қоғам құру үшін 8 мыңнан астам жақтастарын біріктірді.

БӨЛІСУ