Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қызылорда облысы бойынша Департаментімен құрылысы ұзаққа созылған нысандарға қатысты мониторинг жүргізіліп, облыстық әкімдікпен бірлесіп қабылданған шаралар нәтижесінде Кызылорда облысында үш және бес жылдан асқан екі нысан құрылысы аяқталды. Бұл Арал ауданындағы аурухана және Қазалы ауданындағы мәдениет үйі.
Құны 1,2 млрд теңге тұратын аталған аурухананның құрылысы 5 жыл бұрын (2019 жылы) басталған, алайда мердігердің өз міндеттемелерін орындамауы, жобаның қымбаттауы және қаржыландырудың жеткіліксіздігі салдарынан нысанның құрылысы созылған.
Қабылданған шаралар нәтижесінде, құрылыс 2024 жылдың желтоқсанында аяқталды. Аурухана Сексеуіл кентінде маңызды әлеуметтік объект болып табылады.
Бұған дейін жергілікті халық тиісті тұрғылықты жерінен 50 км жерде орналасқан Арал қаласына барып келуге мәжбүр болған.
Қазіргі таңда Сексеуіл кентінің 12 мыңға жуық тұрғындары жаңа ауруханада емделуге мүмкіндік алды (терапия, зертхана бөлімшелері, УДЗ, рентген кабинеттері және т.б. бар).
Сонымен қатар, 2024 жылғы 30 желтоқсанда Қазалы ауданы Кәукей ауылында құны 322 млн теңге тұратын 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Аталған нысанның құрылысы осыдан үш жыл (2022 ж.) бұрын басталған. Мұнда да мердігер тарапынан осындай бұзушылықтар орын алған.
Енді Кәукей ауылында тұратын 2 мыңға жуық халық бос уақыттарын мәдениет үйінде өткізуге мүмкіндік алды.
Жалпы, облыс аумағында Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына 12 «құрылысы ұзаққа созылған нысан» енгізілген, олар бойынша Департаментпен превентивтік сүйемелдеу жалғасуда.

БӨЛІСУ