Қай жерің ауырса жаның сол жерде. Соның ішінде бауыры ауырғандардың жағдайы күрделі. Донор табу да, оны трансплантация жасау да оңай емес. Бірақ медицинаға жүйелі қолдау болса алынбас қамал жоқ екен.
Бүгін Сыр медицинасы тарихында алғаш рет бауыр ауыстыру отасы жасалды.
40 жастағы қала тұрғыны 9 жылдан бері бауыр циррозымен алысып келеді. Қабылдаған дәрі-дәрмектің де әсері уақытша. Ағза күн өткен сайын әлсірей бастағанды.
Науқастың 1993 жылғы туысы донор болды. Оңай ота емес. Он сағатқа созылған операция сәтті өтті. Қазіргі уақытта ем алушы бұрынғы толыққанды өмірiне оралды десек болады, яғни емделуге тәуелділiк, уақыт пен тамақтануға байланысты шектеулерден босап, жұмыс істеуге және белсенді өмір салтын ұстануға толыққанды мүмкіндік алды дейді мамандар.
Осы ретте трансплантацияның Қызылордада жасалуына қолдау білдірiп арнайы келген А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер Болатбек Бимендіұлы мен трансплантологтар құрамының еңбегі ерен. Көпбейінді Облыстық Ауруханасының бас дәрігері Жасулан Баймаханов бастаған жергілікті дәрігерлер де отаға үлестерін қосып, тәжірибе алмасты.
Қазіргі уақытта Қызылорда облысында бауыр трансплантациясын жасатқандар қатары – 16. Бұл азаматтардың бауыр қызметі әлі күнге дейін өз жұмысын жақсы атқаруда.
Бүгінгі хирургияда донорлық бауырды сәтті трансплантациялау – созылмалы бауырдың асқынған ауруы бар науқастардың өмір сүру сапасын қалпына келтіріп, олардың толық медициналық және әлеуметтік оңалуын қамтамасыз етеді.
Өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен денсаулық сақтау, адам өмірін сақтау тұрғысында үлкен жұмыстар атқарылуда.
Қазіргі таңда аудандық деңгейге дейінгі және аудандық деңгейден төмен барлық медициналық ұйымдар компьютермен 100%-ға, интернетпен 93%-ға және кешенді медициналық ақпараттық жүйемен толық қамтылған.
15 медицина ұйымында телемедицина құралдарының кешендері орнатылған. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жасанды интелект орнату жұмыстары пысықталуда.
Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 9 млрд 800 млн теңгені құрайтын 27 нысан салу көзделген.
Өткен жылы ұлттық жоба аясында елді мекендерде құны 6 млрд 100 млн теңгеге 16 нысан (15 ДА, 1 МБ) пайдалануға берілген болатын.
Ал, биыл құны 3,7 млрд теңгені құрайтын қалған 11 нысан (9 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік-акушерлік бекет) жыл соңына дейін халық игілігіне табысталмақ.

БӨЛІСУ