Қазіргі таңда Сырдария өзеніне секундына 448 текше метр су келіп түсуде. Керкелмес су бекетінен 5 шақырым жоғары тұста өзенде сең жүру процесі байқалуда. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында су тасқынының алдын алу және дайындық шаралары туралы кеңінен айтылды. Сонымен қатар, жақында өтетін Крещение мерекесіне орай су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне ерекше назар аударылды.
– Облыс аумағынан өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 1 274 шақырымды құраса, ал өзен бойындағы қорғаныс бөгеттерінің жалпы ұзындығы 625,12 шақырымға жетеді. Өзен маңында су тасқыны қаупі бар 29 елдімекен орналасқан. Бұл аумақтарда 70 мыңнан астам тұрғын, 14 мыңға жуық тұрғын үй бар. Қазіргі уақытта ықтимал су тасқыны кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дайындық жұмыстары белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, 53 эвакуациялық жинақтау және 36 эвакуация қабылдау пункті дайындалды. Қысқы кезеңде 22 орналастыру пункті және 13 учаскеде жылыту пункті жұмыс істеп тұр. Авариялық-құтқару жүмыстарын жүргізуге азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары да әзір,- деді облыстық ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Бейбітхан Спанов.