Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбеновпен бірге “Тәуелсіздікке – 25 жыл” даңғылын қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.

Өткен жылдан бері Сұлтан Бейбарыс көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі Сырдария өзенінің қорғаныш бөгеті нығайтылып, аталған даңғылдың 6,7 шақырымы қайта жаңғыртылуда.
Мердігер мекеме «Уад» ЖШС бұған дейін, 1,2 шақырым кеңейтілетін аумаққа
асфальт төседі. Сонымен қатар, Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеті тазаланып, 2,6 шақырымға жуық дамба нығайтылды және 1,2 шақырым тіреу қабырғасы тұрғызылды.

Бүгінде қосымша жер телімдерін сатып алу қажеттілігі туындап, зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Аймақ басшысы даңғыл көлік қатынасы мен жаяу жүргіншілерге ұзақ жыл қызмет етуі үшін құрылысты сапалы жүргізіп, межеленген уақытта бітіру керек екенін ескертті.

Еске салайық, өткен жылы аймақтың жол инфрақұрылымын дамытуға 44 млрд. 703 млн. теңге бөлініп, 300 шақырымнан астам жол жөнделді. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асты.
Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жалғасуда.
Облыс аумағындағы 216 шақырымның 151 шақырымы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Қосымша 30 шақырымына екі қабатты асфальт жабындысы төселді. Жұмыстар қарқынды жүруде. Жоба биыл толық аяқталады.

БӨЛІСУ