Қазақстанда кәсіптік бағдар берудің жаңа тұжырымдамасы іске қосылады

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылына сәйкес іс-шаралар жоспары әзірленгенін хабарлады.

Ол Үкімет жанынан комиссия құрылғанын, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың жол картасы қабылданғанын, барлық 20 өңірде жұмысшы кәсіптерінің беделін және кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған жоспарлар бекітілгенін атап өтті.

Министр сонымен қатар осы жұмыс аясында кәсіби бағдар берудің жаңа тұжырымдамасы іске қосылатынын айтты.

Ол осы бағыттағы жұмысты жүйелі дамыту үшін өңірлердің кадрларға деген қажеттілігін ескере отырып, барлық облыста «Жаңа мамандықтар атласы» әзірленетініне тоқталды.

«Кәсіптік бағдар берудің жаңа тәсілдері оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі, осы арқылы оқушыларды толығымен кәсіби диагностикамен қамтылады», — деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Кәсіпорындар мен колледждердің ынтымақтастығы арқылы 1 мың мектепте бейіндік сыныптар ашылатыны атап өтілді. Жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізіледі.

Елімізде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі ұлғаяды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу шеңберінде 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі ұлғаятынын хабарлады.

Оның айтуынша, қазіргі күні жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың қолданыстағы әдістемесіне сәйкес 1 студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, енді ол орта есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады.

«Жаңа қаржыландыру нормативі негізгі және ынталандыру бөліктерінен тұрады, бұл ретте ынталандырушы төлемдер нақты көрсеткіштерге қол жеткізген колледждерге беріледі. Қаржыландырудың жаңа жүйесі бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, білім беру ұйымдарын заманауи материал-техникалық құралдармен жабдықтауға және педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.

БӨЛІСУ