Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 55 млрд теңге сомасына бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атамекен ҰКП «Бірыңғай сатып алу терезесі» ақпараттық жүйесі арқылы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарлы бағаларын көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына мониторинг жүргізу бойынша жобаны іске асыруда.

2024 жылдың қорытындысы бойынша 55,1 млрд теңге сомаға артық өсудің алдын алынды, оның жартысы – 26 млрд теңге (немесе 47%) бюджетке қайтарылды. Қалған соманы тапсырыс берушілер қайта қарады. Жоспарлы баға төмендеді немесе осы ақша шеңберінде сатып алынатын тауар саны ұлғайды.

Мәселен, СҚО-да 230 млн теңгенің заңсыз жұмсалуына жол берілмеді. Агенттік Петропавлда теледидар мұнарасына арналған жарықдиодты жабдықты монтаждау бойынша жұмыстарды сатып алу төтенше жағдаймен байланысты болмаса да, төтенше жағдайларды жою сылтауымен жүргізілгенін анықтады. Нәтижесінде шарт бұзылып, бюджет қаражаты қайтарылды.

Қарағанды облысында мамандандырылған музыкалық мектеп-интернат 9 млн теңгеге 18 мың бөтелке ас сірке суын сатып алуды жоспарлаған, бұл мекеменің қажеттілігінен едәуір асып түседі (барлығы 460 адам). Сонымен қатар, бір бөтелкенің бағасы 300 теңге нарықтық құнынан 500 теңгеге дейін көтерілген, бұл шығындарды 3,5 млн теңгеге арттырды. Біздің араласуымыздан кейін сатып алу тоқтатылды, ал бюджет шығыны 9 млн теңгеге үнемделді.

БӨЛІСУ