Орталық алаңға шырша құру кезінде мұғалім биіктен құлап жарақат алған.
“Семейде орталық алаңға шырша құру кезінде 4 – 5 метр биіктіктен мұғалім құлапты. Қазір ауыр халде реанимацияда жатыр”,-деген ақпарат әлеуметтік желіде лезде тарады. Бұған дейін қаладағы басты шыршаның шамдарын жағу салтанаты 22 желтоқсан күні сағат 17.00 –де өтетіні туралы хабарланған болатын. Алайда бүгін қалалық шыршаның шамдарын жағу салтанатының 25 желтоқсанға ауыстырылғаны туралы хабар тарады. Ақпаратқа сай, шара Семейге Coca-Cola мерекелік керуені келетін күнге шегерілген. Мәселеге байланысты облыстағы жауапты орындардан қандай да бір ақпарат болмағанымен, еліміздің оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды:
«Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі. Педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп санаймын. Бұл оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін. Мемлекет басшысы педагогтердің қоғамдағы рөліне ерекше мән беріп, олардың құқықтарының «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында қатаң сақталуын әрдайым назарда ұстап келеді. Осы орайда білім басқармалары мен бөлім басшыларына заң талаптарын қатаң орындауға ерекше назар аударуды ескертемін. Қуат Айтқалиевтің отбасына шынайы қолдау білдіре отырып, оның тезірек сауығуын тілеймін. Қазіргі уақытта оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл жағдай ерекше бақылауға алынды».