Бүгін өңiрiмiзге түркиялық «Orhun Medical» компаниясының басшысы Гёненч Дирик мырза арнайы іссапармен келіп, облыс әкімінің орынбасары А.Зебешевпен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Искаков Олжас Ермекұлымен және тиісті басқарма басшыларымен кездесті. Кездесудің мақсаты – Қызылорда қаласында ПЭТ/КТ кешенді позитронды-эмиссионды томография орталығын ашу жөніндегі жобаны жүзеге асыру болып табылады.

Жоба аясында өңірге жалпы құны 7 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, 50 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қазіргі таңда ғимаратты әрлеу және сырлау жұмыстары жүргізілуде, алдағы уақытта қажетті жабдықтар жеткізіліп, орталықтың толық іске қосылуы жоспарлануда.

Жалпы, 2024 жылғы 1 қарашада Қазақстан Республикасының Үкіметі «Orhun Medical» компаниясымен құны 95 млн. АҚШ долларын құрайтын 8 медициналық жобаны іске қосу бойынша инвестициялық келісімге қол қойылды. Соның ішінде жоғарыда аталған Қызылорда қаласындағы жоғары технологиялық диагностикалық орталық та бар. Бұл орталық аймақтағы медициналық қызметтерді жаңаша деңгейге көтеріп, жоғары технологиялы диагностика мен емдеуді қамтамасыз ететін болады.

Аталған жоба тұрғындарымыз үшін денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді.

БӨЛІСУ