Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен мәжілісте аудандағы құрылыс саласын дамыту мәселелері қаралды. Мәжілісте аудан басшысы келер жылы ауданда құрылыс жұмыстарының қарқынын әлде де күшейту керектігін айтып, соған сәйкес жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
– 2024 жылдың 11 айымен ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 10 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,8 млрд. теңгеге артық орындалды. Былтыр ауданымызда 50 отбасыға жаңа тұрғын үйлердің кілті табысталса, биыл 148 отбасы баспана қуанышына кенелуде. Сонымен қатар келер жылы да аудан тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары жалғасатын болады.
Бұдан бөлек, 2025 жылға өтпелі аудан көлемінде бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы басталды. Әйтеке би кенті, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы басталса, Майдакөл ауылында 100 орындық клуб ғимараты бой көтеруде. Сонымен қатар, Әйтеке би кентінде «Руханият» орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса елді мекендерді табиғи газға қосу жұмыстары да қарқынды жүруде.
Ендігі кезекте біз 2025 жоспарланған құрылыс жобаларын іске асыру үшін барынша ауданға қаржы тартып, тиісті жұмыстарды бірлесе атқаруымыз қажет, – деді аудан басшысы.
Мәжілісте аудан әкімі жауапты сала басшыларына мемлекеттің бюджетінен басталған әрбір нысанды мерзімінде аяқталуын әрі сапалы болуын қатаң қадағалауды тапсырды.
Жиын соңында аудан басшысы күн тәртібінен бөлек ауыл әкімдері, құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар бөлімі бірлесіп, алдағы мерекелер қарсаңында коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын, қауіпсіздік шараларды үнемі қадағалап отыруды тапсырды.