2024 жылғы 11 желтоқсан күні қалалық мәслихаттың кезектен тыс 30-сессиясы өтті. Сессияға қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев төрағалық етті.
Сессияның күн тәртібіне: «2024-2026 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу, “Қызылорда қаласында коммуналдық қалдықтарды басқарудың 2025-2029 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» мәселелері шығарылып, талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова, қалалық тұрғын үй-коммуналық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Әбсұлтанов хабарлама жасап, депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Бюджет жобасына сәйкес жол жөндеу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу және сараптама қорытындысын алу, көше жарық бағаналарының шығындарына ақы төлеу, «Қызылорда тазалығы» және «Су жүйесі» мекемелеріне қажетті техникалар мен жабдықтар алу, «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту бағдарламасы» бойынша жобалардың жоба сметалық құжаттарын әзірлеу бағыттарына қаржылар бағытталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы N 577 Жарлығымен бекітілген “Жасыл экономикаға” көшу жөніндегі Тұжырымдамаға сәйкес коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 2030 жылға қарай кемінде 40%, ал халықты ҚТҚ шығару қызметімен қамту 100% құрауға тиіс. Осы нысаналарға қол жеткізу үшін Экологиялық Кодекстің талаптарына сәйкес Қызылорда қаласы үшін 2025-2029 жылдарға арналған тұрмыстық қалдықтарды басқару бағдарламасының жобасы жасалды.
Осы мәселеге байланысты, сессия барысында коммуналдық қалдықтарды басқарудың бағдарлама жобасын әзірлеген «ЭКО ЭМПАЕР ЛЛП» ЖШС (ECO EMPIRE LLP) сарапшысы Л.Маликова хабарлама жасап, депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Сессия барысында Қызылорда қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ғ.Баймырзаев 2024 жылғы 8 желтоқсанда Қызылорда қалалық мәслихатының шығып қалған депутатының орнына өткен сайлау қорытындысын хабарлай келе, Қызылорда қаласына қарасты №19 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты болып, Рүстем Ізтілеуов сайланғанын хабардар етті. Депутатқа мандат табыстады. Р.Ізтілеуов сайланған №19 сайлау округі Сәулет-Саяхат тұрғын аудандарын қамтиды. 10 мыңға жуық сайлаушылары бар.
Р.Ізтілеуов 1985 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. Еңбек жолын 2007-2009 жылдары «Асар» ЖШС-нің жабдықтаушы (снабженец) маманы болып бастап, 2009-2010 жылдары «Асар» ЖШС-нің өндіріс жөніндегі орынбасары, 2010-2020 жылдары «Сыр Жиһазы КZ» бас директоры болып жұмыс атқарған. 2020 жылдан бастап «Курс Инвест ЛТД» ЖШС мекемесінің басшысы болып қызмет атқаруда.
Сессия отырысына қала әкімінің орынбасары Д. Тұрсынбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ж.Әбубакирова, қалалық кірістер басқармасының басшысы Ф.Қожабергенов, экология департаменті, құқық қорғау, төтенше жағдай органдарының өкілдері, тиісті қалалық дербес бөлім басшылары мен кент және ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Сессия қарауына шығарылған мәселелер жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия барысы «Youtube» платформасы арқылы тікелей эфирден көрсетілді.