Облыстық мәслихаттың Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия, сондай-ақ, «Ақ жол» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Б.Сандыбаевтың төрағалығымен сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Бірлескен отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов, облыстық мәслихат төрағасы М.Тлеумбетов, облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары және облыстық мәслихат аппаратының басшысы, тиісті басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 15 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Қызылорда облыстық мәслихатының «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне енетін өзгерістер бойынша 06 желтоқсан күні облыстық Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия отырысында шешім жобасы талқыланып, депутаттар тарапынан 21 ұсыныс берілген болатын. Облыстық экономика және қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ф.Аббасова аталған ұсыныстарды қарастырып, жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде 18 мәселеге қаржы бөлуді жоспарлап отырғандығын жеткізді. Бұл қаржылар облыстық бюджеттің түсімдерін ұлғайту және облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің бүгінгі күнге дейін түскен үнемделген және пайдаланылмаған қаржыларын қысқарту есебінен жоспарлануда.
Одан соң, «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» екінші мәселеге сәйкес, 20 қараша – 4 желтоқсан күндері аралығында комиссия төрағасы Б.Мөрәліқызының төрағалығымен облыстық Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырыстары өтіп, «2025-2027» жылдарға арналған облыстық бюджет жобасы жан-жақты талқыланып, депутаттардың ұсыныстары негізінде хаттама әзірленді. Соған сәйкес, бүгінгі бірлескен отырыста Ф.Аббасова депутаттардың тарапынан болған ұсыныстарға зерделеу жұмыстарының жүргізіліп, нәтижесінде 166 сұрақтың ішінде қолдау тапқан мәселелеріне тоқталып өтті.
Хабарламадан соң депутаттардың бірқатар сұрақтарына облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов, облыстық мәслихат депутаты Б.Шәменова және тиісті басқарма басшылары егжей-тегжейлі жауаптарын берді.
Сондай-ақ, облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысының міндетін атқарушы Ф.Аббасова күн тәртібіндегі «2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму жоспарын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселе бойынша да хабарлама жасады.
Одан бөлек, күн тәртібіндегі «Қызылорда облысын басқару схемасын бекіту туралы», «Ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы», «Өңірлік үйлестіру кеңесінің құрамын бекіту туралы», «Қызылорда облысы әкімдігінің жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінің құрамын бекіту туралы», «Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізуге қатысты мәселелерді қарау жөніндегі арнайы комиссия құрамын бекіту туралы», «Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссияның кейбір мәселелері туралы», «Облыстық жер комиссиясының құрамын және ережесін бекіту туралы», «Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бекіту туралы», «Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Қызылорда облысының өңірлік жоспарын бекіту туралы», «Сыр жастары» Қызылорда облысының жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасын бекіту туралы», «Қызылорда облыстық мәслихаты төрағасының есебі туралы», «Қызылорда облыстық мәслихатының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы» мәселелер талқыланды.
Отырыс соңында депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, күн тәртібіне ұсынылған 15 мәселенің шешім жобасын сессия қарауына жіберу туралы бірауыздан қаулы қабылданды.

БӨЛІСУ